Астана. 24 сәуір. Baq.kz- Республикада ірі футбол стадиондары жоқ. Тіпті, Алматы мен Астаның өзінде орталық стадиондардың сыйымдылығы 30 мың көрерменнен аспайды.
Астана. 24 сәуір. Baq.kz- Республикада ірі футбол стадиондары жоқ. Тіпті, Алматы мен Астаның өзінде орталық стадиондардың сыйымдылығы 30 мың көрерменнен аспайды.
Елімізде неге ірі стадиондар жоқ?
Бұрынғы Кеңес Одағы бойынша көптеген қалаларда керемет стадиондар салынған. Донецкіде 52 мың көрермен сыятын ғажайып «Донбасс Арена» бар. Ереванда 55 мың көрермен сыятын «Раздан» деген атақты стадион бар. Қазан қаласында 45 мың көрермен сыятын судай жаңа «Казань Арена» салынған. Мәскеу, Киев, Петербург пен Тбилисиде одан да ірі стадиондар бар. Неге қазақта ондай стадион жоқ? Біздің халқымыздың саны аз емес. Қаржы-қаражат та жеткілікті. Бірақ, спортты түсінбейтін шенеуніктер ірі стадиондар, ірі бассейндер, басқа да спорттық мекемелер салуға ақшаны қимай жүр. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің блогына хат жазған Данияр Наурыз деген ұлтшыл азамат осы сұрақтардың жауабын күтеді.
Спорт федерациялары қазақ тіліне неге қырын қарайды?
Ол тағы бір өзекті мәселенің шетін шығарады: – Кейбір қазақ спорт федерацияларының сайттарында қазақ тіліндегі ақпараттар жоқ. Мысалы, http://www.kazathletics.kz/ , http://www.kfb.kz/ , http://www.volley.kz/ сайттардан тек қана орыс тілінде жазады. Қазақ спортшылары, бапкерлері, спорт ұйымдары, жалпы Қазақ спорты қажетті ақшаны Ресейден емес, ел бюджетінен алады, тіпті жетпей жатса жергілікті фирмалардан демеушілік көмек алады. Соған қарамастан олар ана тілімізді менсінбей, сайттарын бөтен елдің тілінде жасауда. Рахметі жоқ федерацияларға «ай» дер ажа, «қой» дер қожа бар ма? Көрші мемлекеттерде мемлекеттік тілді сыйламау деген жайт мүлдем кездеспейді десе де болады. Ал сонда біздің көріп отырғанымыз не сорлылық?– дейді ол.
Оқырман тарапынан қойылған осы екі өзекті мәселе оңды шешіле ма екен деген үмітпен бізде әзірге агенттік төрағасы Ерлан Тоқтарханұлынан жауап күтіп отырған жайымыз бар.
Дәулетқали Асауов